Ольга Рыпакова “Гауһар лигасының” V кезеңінде екінші орын алды
2-нен 3-не қараған түні Римде «Гауһар лигасы» элиталық жеңіл атлетикалық жарыстар сериясының V кезеңі өтті. Оның барысында Ольга Рыпакова жақсы нәтиже көрсетті, деп хабарлайды 16news.kz тілшісі.
Римдегі жарыс ерекше болды. Олай дейтініміз, мұнда ұзақ үзілістен кейін алғаш рет Лондон Олимпиадасының барлық үш жүлдегері кездесті: Ольга Рыпакова, колумбиялық Катерин Ибаргуэн және украиналық Ольга Саладуха. Соңғысы көңіл көншітпеді, ол айтарлықтай нәтиже көрсете алмай, үш талпыныстан кейін финалдық секірулерге қатысатын үздіктер қатарына ене алмады.
Ал Рыпакова мен Ибаргуэн арасындағы текетірес өте қызықты өтті. Екінші секіруден кейін жерлесіміз 14,51 метр нәтижесімен көш бастап тұрған еді. Бұл көрсеткіш Колумбияның жұлдызды спортшысын ширата түсті – ол үшінші талпынысында 14,64 метрге, ал алтыншысында 14,78 метрге секіріп, нәтижесін жақсартты. Өкінішке орай, Рыпакова бұл көрсеткіштерден асып түсе алмады және екінші орынды иеленді. Үшінші орынды күтпеген жерден ямайкалық спортшы Шаниека Томас иеленді.
Осы кезеңнен кейін Ольга Рыпакова «Гауһар лигасының» жалпы есебінде ағымдағы екінші орынға көтерілді. Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру жарыстары өткен барлық үш кезеңде де жеңіске жеткен Катерин Ибаргуэн үлкен басымдықпен көш бастап тұр.
Алексей Губанов Дереккөз: 16news.kz

