
Үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Бірмингемде (Ұлыбритания) өткен «Гауһар лигасының» (Diamond League) алтыншы кезеңінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Рыпакова соңғы мүмкіндігінде жарыстың басты фавориті, колумбиялық Катрин Ибаргуэннен жеңісті жұлып алды. Қазақстандық спортшы 14,61 метрге секірді, ал 14,56 метр нәтижесін көрсеткен колумбиялық оны жақсарта алмады. Үшінші орынды үздік талпынысында 14,40 метрге секірген украиналық Ольга Саладуха иеленді.
Айта кетейік, Рыпакова үшін бұл нәтиже маусымдағы ең үздік көрсеткішінің қайталануы болды. Сондай-ақ, қазақстандық спортшы соңғы төрт жылда Ибаргуэнді жеңген алғашқы жеңіл атлет атанды.
Еске сала кетейік, Римде өткен «Гауһар лигасының» бесінші кезеңінде Рыпакова тек Ибаргуэнге есе жіберіп, екінші орын алған болатын.
Источник :http://vesti.kz/athletics/221337/
