Асқар Өмірзақ — онсайыс бойынша Азия чемпионатының қола жүлдегері

Шығыс Қазақстан облысының өкілі Асқар Өмірзақ қазіргі уақытта Гонконг қаласында өтіп жатқан 22nd Asian U20 Athletics Championships жарысында онсайыс бойынша қола медаль жеңіп алды. Екі күнге созылған жарыс барысында қазақстандық көпсайысшы бағдарламаның барлық он түрінен сенімді нәтиже көрсетті. Бірінші күні ол 100 метрді 11,07 секундта жүгіріп өтті, ұзындыққа 6,09 м секірді, ядроны 12,33 м итерді, биіктікке 1,78 м секірді және 400 метр қашықтықты 49,79 секундта бағындырды. Екінші күні Асқар 110 метр кедергілер арқылы жүгіруде 14,75 секунд нәтиже көрсетті, дискіні 39,73 м-ге лақтырды, сырықпен секіруде 3,70 м биіктікті бағындырды, найзаны 45,67 м-ге лақтырды және 1500 метрді 4:42,56 нәтижесімен аяқтады. Жарыс қорытындысы бойынша Асқар 6774 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты және Азияның ең мықты жас көпсайысшылары арасында үшінші орынға ие болды. Чемпион атанған — үндістандық Рахул Джакхар, ал күміс медальді оның отандасы Упкар Упкар жеңіп алды. Асқар Өмірзақ пен оның жаттықтырушысын тамаша нәтижемен, жеке рекордымен және Азия чемпионатының қола медалімен құттықтаймыз!
