Усть-Каменогорск қаласында 12–15 жас аралығындағы есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарыс 2026 жылғы 21–22 ақпан күндері Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында ұйымдастырылды.
Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен келген 60-тан астам жас спортшы қатысты. Екі күн бойы қатысушылар жүгіру, секіру және лақтыру түрлері бойынша сынға түсіп, жоғары дайындық деңгейін және спорттық шеберліктерін көрсетті.
Жарыс бағдарламасына 60, 200, 400, 800 және 1500 метр қашықтықтарға жүгіру, сондай-ақ 4×200 және 4×400 метрлік эстафеталар кірді. Сонымен қатар спортшылар биіктікке, ұзындыққа және үш қарғып секіру, сондай-ақ ядро итеру бойынша жарысты.
Жарыстың алғашқы күні 1500 метр қашықтықтағы финалдық жүгірулермен басталып, кейін 60 метрге алдын ала және финалдық жарыстар, сондай-ақ сектордағы сайыстар — ядро итеру мен биіктікке секіру өтті. Күннің екінші жартысында 400 метрге жүгіру, үш қарғып секіру және эстафеталар бойынша жүлделер сарапқа салынды.
Екінші күні спортшылар 800 және 200 метр қашықтықтарында, ұзындыққа секіруде және қорытынды 4×400 метрлік эстафеталарда мықтыларды анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Аталған чемпионат Қазақстандағы бейімделген спортты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Мұндай жарыстар жас спортшылардың дайындық деңгейін арттырумен қатар, олардың әлеуметтік бейімделуіне және қолдауына ықпал етеді.





