Новости

Өскеменде жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосановты еске алуға арналған III турнир өтті.

Бұл жарыста ШҚО чемпиондары атағынан бөлек, екі тау велосипеді сарапқа салынды.

Әйгілі спринтер, 1990 жылғы Рим Олимпиадасының 4х100 метрлік эстафетада КСРО құрамасы сапында күміс жүлдегері атанған тұлғаны еске алуға арналған ШҚО чемпионаты О. Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өтті. Айтпақшы, спорт кешені есімімен аталатын спортшының өзі де жарысқа қатысты.

Біріншілік қатысушылар саны жағынан ең көп болмаса да, өте тартысты әрі әсерлі өтті. Әдетте жазғы жарыстарға спортшылар көбірек жиналатыны белгілі. Дегенмен, қысқы біріншілік үшін бұл доданың деңгейі өте жоғары болды. Шын мәнінде, бұл кем дегенде ШҚО-ның ашық чемпионаты деңгейінде өтті, өйткені мұнда Қарағанды және Алматы облыстарының өкілдері де бақ сынады. Риддер, Семей, Бесқарағай және Көкпекті аудандарының, сондай-ақ Жаңа Бұқтырма мен Белоусовканың спортшылары облыстық біріншіліктің қонақтары қатарын толықтырды. Қатысушылардың жалпы саны 150-ден асты.

Мықтылар үш жас санатында анықталды: 2002-2003 ж.т., 2000-2001 ж.т. және 1998-1999 ж.т. юниорлар. Қатысушылардың көптігін, дисциплиналар мен жас санаттарының санын ескерсек, сарапқа салынған титулдар өте көп болды. Тек чемпиондардың өзі 73 адамды құрады. Бірінші орын үшін берілген грамоталардың жартысынан астамы жергілікті спортшыларда қалғаны қуантады. Өскемендіктер жалпы есепте 39 бірінші орын иеленді.

Өскемендік спортшылар Анастасия Заводина, Александр Аксютин, Александра Егорина және Александр Ибрагимов әрқайсысы үш чемпиондық титулдан жеңіп алып, ең үздік нәтиже көрсетті. Заводина 60 метрге жүгіруден, 4х200 м эстафетадан және ұзындыққа секіруден озық шықса, Егорина 200 және 400 метрге жүгіруде және сол эстафетада алдына жан салмады. Аксютин 200 және 400 метрлік қашықтықтар мен 4х200 м эстафетада көзге түсті. Осы үш спортшы да 2000-2001 ж.т. жас санатында үш дүркін чемпион атанды. Ал Александр Ибрагимов 2002-2003 ж.т. спортшылар арасында 60 метрге кедергілермен жүгіруде, 4х200 м эстафетада және ұзындыққа секіруде жеңіске жетіп, ең жас үш дүркін чемпион атанды.

Жарыс соңында ұйымдастырушылар бірінші ересектер разряды деңгейінде нәтиже көрсеткен спортшылар арасында лотерея арқылы велосипедтер ойнатты. Ұлдар арасында мұндай нәтижеге тек екі спортшы қол жеткізген екен. Ольга Рыпакованың ұлы Кириллдің жеңіл қолымен үлкен ыдыстан суырылған қағазда Александр Аксютиннің есімі шығып, алғашқы велосипед соған бұйырды.

Қыздар арасында велосипедке жеті спортшы үміткер болды. Сәттілік Белоусовкадан келген жас ару Кристина Морозоваға күлді. Морозова бұл жарыста 600 және 1000 метрге жүгіруден жеңіске жетіп, екі дүркін чемпион атанған болатын.

Командалық есепте 39 бірінші орынмен Өскемен қаласы жеңіске жетті. Екінші орында 13 алтын медальмен Риддер қаласы орналасты. Семей құрамасында одан бір жеңіс кем. Көкпекті, Белоусовка, Қарағанды, Жаңа Бұқтырма және Алматы облысының өкілдері кемінде бір жүлдеден еншіледі.

Фотосуреттер