«Қазақстандықтардың үмітін ақтадым деп үміттенеміз. Мен бұл медальға өте қуаныштымын» — Ольга Рыпакова

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Рио Олимпиадасында қола медаль иеленгеннен кейін өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Үш қарғып секіруде Рыпакова маусымдағы өзінің ең үздік нәтижесін көрсетті — 14,74 метр. Колумбиялық Катрин Ибаргуэн (15,17) чемпион атанса, венесуэлалық Юлимар Рохас (14,98) күміс жүлдені иеленді.
— Осынау қиын жарыстан алған әсеріңізбен бөліссеңіз. — Әрине, қола медаль алғаныма өте қуаныштымын, өйткені бәсекелестік өте жоғары, қарсыластар өте мықты болды. Артымызда төрт жылдық ауыр дайындық қалды. Қазір қола медаль иеленгеніме бақыттымын. Көңіл-күйім әртүрлі: алысқа секіре алмағаныма сәл реніш болса, медаль алғаныма көңілім толады, — дейді Рыпакова.
— Екінші мүмкіндіктен кейін психологиялық немесе физикалық жайсыздық болғандай көрінді. — Иә, жүгіріп келуде (разбег) жайсыздық болды. Ол ойдағыдай шықпады. Секірулерім өзіме ыңғайсыз болды. Бірақ бәрі алда — жаттықтырушыммен ақылдасып, қателермен жұмыс істейміз. Бүгін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Қазақстандықтардың үмітін ақтадым деп үміттенемін. Мені қолдаған барлық жанкүйерлерге рахмет. Маған қолдау көрсеткен хаттар өте көп келді. Баршаңызға үлкен рахмет.
— Бұл ресми нәтижелеріңіз екені түсінікті. Ал жаттығуларда 15 метрден асып көрдіңіз бе? — Ешқашан. Жаттығуда мен алысқа секірмеймін, өйткені онда жарыс атмосферасы жоқ. 14,40-14,50-ден асып көрген емеспін. Менің барлық үздік нәтижелерім тек жарыстарда болады.
— Қарсыластарыңыз — жас Рохас пен ескі танысыңыз Ибаргуэннің нәтижелері туралы не айтасыз? — Бұл өте жақсы нәтижелер. Қыздар өте талантты және бабында. Меніңше, Рохас әлі өзінің ең алыс секірулерін болашақта көрсетеді. Әрине, олар бүгін мықтырақ болды.
— Жарыс аяқталған соң Ибаргуэн не деді? — Бізде бір-бірімізді шын жүректен құттықтау қалыптасқан. Жарыстың аты — жарыс, бірақ қарым-қатынасымыз достық деңгейде. Біз бір-бірімізді жақсы жұмыспен құттықтап, алған әсерлерімізбен бөлістік. Мықты қарсыластар қатысқан тамаша турнир болды. Көрермендерге қызық болды деп ойлаймын.
— Спорттық мансабыңызды аяқтауды жоспарлап отырған жоқсыз ба? Отбасыңыз бен екі балаңыз бар емес пе? — Әзірге жоқ. Ондай жоспарым жоқ. Қазір маған демалу керек. Ауыр маусымнан кейін қалпыма келуге тырысамын. Келесі жылы жақсы жарыстар бар. Лондондағы Әлем чемпионаты — мен Лондонды өте жақсы көремін! Сол жаққа дайындаламын.
— Осыдан төрт жыл бұрынғыдай Қазақстан туын көтердіңіз, бірақ сезім басқаша шығар? — Әрине, сезім сәл өзгеше — бір саты төменмін. Бірақ мен өте қуаныштымын, өйткені өткен төрт жыл мен үшін өте қиын болды. Енді тұғырда екі баланың анасы ретінде тұрамын. Бұл мен үшін өте маңызды. Ұлымның дүниеге келуі — мен үшін үлкен жетістік. Меніңше, бұл қола медальді алтынмен теңестіруге болады.
