Ольга Рыпакова Әлем чемпионатының финалына өтті

Бейжіңдегі әлем чемпионатында барлығы әлемнің 201 елінен 2000-нан астам спортшы өнер көрсетеді. 47 марапат жиынтығы сарапқа салынады, ал әрбір дисциплина бойынша үздік сегіздікке енген спортшылар ХААФ (IAAF) ұйымдастырушыларынан ақшалай сыйлық алады. Осылайша, чемпиондардың әрқайсысы 60 000 долларға байи түседі. Ольга Рыпакованың қарсыластары әлемнің әртүрлі елдерінен келген 27 спортшы болды. Үш қарғып секіруде ол біздің отандастарымыздың ішінде жалғыз емес. Олимпиада чемпионына СҚО-дан келген Ирина Эктова серіктес болды. Өкінішке орай, оның финалға өтуі бұйырмады — үш іріктеу талпынысының екеуінде сызықты басып кетті. Жалғыз нәтижелі секіруі де көңіл көншітпеді — 13,61 м, бұл жақында ғана 14 метрден асыра секіріп жүрген Эктоваға мүлдем ұқсамайды. Рыпаковада болса бәрі жақсы. Секторда ұзақ бөгелуге тура келмеді — алғашқы талпынысында-ақ 14,33 метрге секіріп, Әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Айтпақшы, өскемендік жеңіл атлет іріктеуде төртінші нәтиже көрсетті. Одан жоғары нәтижені тек Әлем чемпионы украиналық Ольга Саладуха, осы біріншіліктің басты фавориті колумбиялық Катерин Ибаргуэн және сенсация деуге болатын 14,44 метрге секірген болгариялық спортшы Габриела Петрова көрсетті! Жоғарыда аталған төрттіктен бөлек, финалға Ханна Князева-Миненко (Израиль), Кимберли Уильямс пен Шаника Томас (екеуі де — Ямайка), Екатерина Конева (Ресей), Жанин Ассани Иссуф (Франция), Кристин Гирих (Германия) және Йосури Уррита (Колумбия) өтті. Үш қарғып секіру бойынша жарыстың финалы 24 тамызда сағат 17:30-да өтеді. Дереккөз: vksport.kz
