
Алматыда жеңіл атлетикадан «Қосанов мемориалы» халықаралық турнирі басталды. Оған Азияның 20-дан астам елінен өкілдер қатысуда. Мемориалдың мұндай танымалдылығы бұл турнирдің Рио-де-Жанейро-2016 Олимпиада ойындарының нормативтерін орындауға мүмкіндік беретін Азиядағы соңғы біріншілік болуымен байланысты. Бразилияға аттанғалы тұрған пойыздың соңғы вагонына риддерлік желаяқ Элина Михина да секіріп үлгерді.
Жерлесіміз үшін 400 метрлік қашықтық басты бағыт болып табылады. Дәл осы қашықтықта Элина биылғы жабық кешендегі Азия чемпионатында екінші орын алған болатын. Ал деңгейі жағынан құрлықтық біріншілікпен тең келетін Қосанов мемориалында ол бәрінен озып шықты! Дегенмен, Олимпиада ойындарына жолдама беретін нәрсе жеңіс емес, жарыс кезінде көрсетілген уақыт еді. Элина финалда 52,09 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Бұл Олимпиада нормативінен айтарлықтай жылдам.
Михина ШҚО жеңіл атлетикасының Риоға жолдама алған үшінші өкілі атанды. Бұған дейін нормативтерді Ольга Рыпакова мен марафоншы Ирина Смольникова орындаған болатын. Соңғысы, Михина сияқты, риддерлік жеңіл атлетика мектебінің тәрбиеленушісі. Риддер жеңіл атлетикасының Олимпиадаға екі жолдама алуы таңғалдырарлық жағдай. Бұл кеншілер қаласында жаттығуға ешқандай жағдай жасалмағанына қарамастан орын алып отыр. Қыс мезгілінде жеңіл атлеттер мектеп дәліздерінде жүгіріп жаттығады.
Мемориалда тағы бір медальді өскемендік Евгений Четтыкбаев жеңіп алды. Ол үш қарғып секіруде екінші орын иеленді. Оның 16,3 м нәтижесі Роман Валиевтің 16,8 м секіруінен кейінгі екінші көрсеткіш болды. Мұндай нәтижемен Валиевтің өз мансабындағы төртінші Олимпиадаға баруға толық мүмкіндігі бар сияқты! Бұл пән бойынша үшінші орынды 16,01 м нәтижесімен Малайзия өкілі иеленді.
Алексей Губанов Фото – athleticsasia.org Дереккөз: vksport.kz
