Новости

XXXV Ғұсман Қосанов мемориалының алғашқы күніндегі ШҚО қорытындысы

Шымкентте XXXV Ғұсман Қосановты еске алуға арналған мемориал басталып, жарыстың алғашқы күнінде-ақ Шығыс Қазақстан облысының спортшылары команда қоржынына алты жүлде салды.

400 метрге жүгіруде шығысқазақстандық екі жеңіл атлет үздіктер қатарынан көрінді: Ефим Тарасов 47,43 секунд нәтижесімен жеңімпаз атанса, Эльнор Мұхитдинов 47,52 секунд көрсеткішімен қола жүлдеге ие болды.

Ұзындыққа секіруде Анастасия Рыпакова 5,91 метр нәтижесімен күміс жүлдені жеңіп алды.

4×100 метрлік эстафетада Иван Тетерин Қазақстанның бірінші құрамасы сапында өнер көрсетіп, командаластарымен бірге 41,38 секунд нәтижесімен мәреге екінші болып жетті. Мұрзамұхаметов Ерасыл 4×100 метрлік эстафетада команда құрамында қола жүлдеге ие болды.

Ядро лақтыру секторында Иван Иванов 18,67 метр нәтижесімен үшінші орынға ие болды.

Ал Игорь Хрунин 1500 метрге жүгіруде 3:48,03 уақыт көрсеткішімен қола жүлдені жеңіп алып қана қоймай, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Бұл – спортшының маңызды жеке жетістігі.

Барлық жүлдегерлерді құттықтаймыз және XXXV Ғұсман Қосановты еске алуға арналған мемориалдағы жерлестеріміздің өнерін әрі қарай да назарда ұстаймыз!

Фотосуреттер